Федоровка қазақ жалпы орта білім беретін мектебі
0

 

Мемлекет білім беру жинақтау салымдарының кепілдігін қамтамасыз етеді

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы қарым-қатынастардың құқықтық реттелуін жетілдіруге бағытталған. Өзгерістер мен толықтырулар Салық және Қылмыстық процестік кодекстеріне, «Білім туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарына енгізіліп отыр.

 

 

Енгізілетін өзгерістер салымшының құқықтарын қорғауға және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктердің қызметтерін реттеуге бағытталған. Басымдылықты санаттағы салымшылардың (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) деректері бойынша ақпарат беруге қатысты балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретін белгілеу жолымен басымдылықты санаттағы салымшылар бойынша мемлекет сыйлықақысын алу құқығының іске асырылуы көзделеді. 

Салымшылардың кез келген борыш түрлері бойынша бүкіл білім беру жинақтау салымын акцептісіз есептен шығаруға тыйым салу белгіленеді. «Білім туралы» Заңға «қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі - білім берудің барлық деңгейлерінде оқудың кепілдендірілген мемлекеттік құнын қаржылық қамтамасыз ету нормативі» жаңа ұғымы енгізілуде. «инклюзивтік білім беру» ұғымы көзделген. «мемлекеттік білім беру тапсырысы» ұғымы орта білім беру бойынша қызметтер көлемімен толықтырылды. Талқылаудың қорытындысын шығара отырып, Комитеттің төрайымы Айтымова Бірғаным заң жобасының әлеуметтік жағынан аса маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта сенатордың айтуынша, елімізде білім беру жинақтау салымдарымен 3 миллион білім алушының 17,5 мыңы ғана қамтылған. Енді мемлекет пен банктер балалар мен жастардың оқуын, оның ішінде шетелде оқуын қаржыландыруға мүмкіндік беретін салымдардың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз ететін болады.

Мұндай жүйе, Б. Айтымованың айтуынша, балаларымыздың болашағына бағдарланған. Жаңа енгізулер әрбір отбасына дерлік әсер ететін болады, сондықтан комитет жетекшісі мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды және БАҚ-ты қабылданып жатқан нормаларды халыққа түсіндіруге шақырды. Заң жобасы Палатаның қарауына тапсырылды.

_________________________________________________________
Сенат
Ақпарат көзі: http://www.parlam.kz/kk/senate/press-center/article/28189
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты