Федоровка қазақ жалпы орта білім беретін мектебі
0

 

БЖЗҚ

 Биыл Сіз еңбегіңіз сіңген демалысқа шығасыз ба? Құттықтаймыз! Енді Сіз кезінде уақыт пен күш жеткізе алмаған нәрселермен айналыса аласыз. Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін ресімдеу машақатын азайту үшін Сіздің назарыңызға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ресімдеу тәртібіне қатысты ең өзекті деген сұрақтардың жауабын ұсынамыз.

 

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне кімнің құқығы бар?

Белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдері түріндегі зейнет жасына толған соң міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғаларға тиесілі, атап айтқанда:

63 жасқа толған ерлер;

58 жасқа толған әйелдер (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жас, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жас, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жас, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жас, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жас, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жас, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жас, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жас, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жас, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жас).

 

Зейнет жасына толған соң БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін қандай құжаттар керек?

Жалпы белгіленген зейнет жасына толған кезде зейнетақы төлемдерін алушы МЗЖ және МКЗЖ есебінен кесте бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш ресімдеу үшін ең жақын БЖЗҚ кеңсесіне бару керек. Жеке басын куәландыратын құжат түпнұсқасы мен зейнетақы төлемдерін аудару үшін алушының банк шоты туралы мәліметтерді өзімен бірге алып келеді. Сонымен қатар зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін құжаттарды алушы сенім білдірілген тұлға арқылы немесе пошта байланысы арқылы өткізе алады, толық ақпаратты сайттан алуға болады (http://www.enpf.kz/11462).

 

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш берген соң қанша уақыт ішінде зейнетақы төлемдері жасалады?

Құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес болған жағдайда, олар өткізілген соң он жұмыс күні ішінде БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жасайды.

 

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу кезеңділігі қандай?

Төлемдер кезеңділігін алушының өзі белгілейді – жылына бір рет, тоқсанына не айына бір рет.

 

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы қалай есептеледі?

МЗЖ және МКЗЖ есебінен кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013ж. №1042 хаттамасымен бекітілген (10.12.2015 жылғы редакцияда) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жасау қағидасына сәйкес есептеледі және төмендегі шамалардың неғұрлым жоғарысынан аспайды:

1) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшері (2016 жылы Қазақстан Республикасының «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңымен ең төменгі зейнетақы мөлшері 25 824 теңгеге дейін көбейтілді) және 774 720,00 теңгені құрайды (30*25 824);

2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013ж. №1042 қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне (10.12.2015 жылғы редакцияда) сай зейнетақы жинақтары сомасының алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептелген шама. Алушының зейнетақы жинақтарының сомасы әйелдерде 8,224 млн. және одан көп теңге, ерлерде 7,402 млн. және одан көп теңге болса, осы есеп қолданылады.

Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болса, алушы зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын ала алады.

Төлем жасалған соң жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз соманы құраса, бұл қалдық төлем сомасымен бірге төленеді.

БЖЗҚ белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жыл сайын өз бетінше Қағида ережелерін ескере отырып қайта есептейді.

 

Банк комиссияларының мөлшері қандай?

Зейнетақы жинақтарын аудару, есептеу және төлеуге байланысты банк қызметтерінің ақысы БЖЗҚ қаражатының есебінен төленеді, бұған оларды айырбастау және шетелдік банктерде ашылған алушылардың банк шоттарына есептеу қызметтері қосылмайды.

 

Зейнетақы төлемдері қандай валютада жасалады?

Зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ өтініште көрсетілген алушының банк шотына:

1)   Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде/банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банк шоттарына аудару кезінде тек ұлттық валютамен;

2)   Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шетелдік банктерде ашылған банк шоттарына аудару кезінде АҚШ долларымен, еуромен, фунт стерлингімен немесе ресей рублімен аударады.

 

Зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы (ЖТС) салына ма?

Зейнетақы төлемдері – төлем көзіне салық салынатын табыс (Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 160-бабының 3) тармақшасы). Зейнетақы төлемдерін алушыдан 10% мөлшерінде ЖТС міндетті түрде ұсталады. Мысал үшін төленуі тиіс және ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшеріне тең (30*25 824 = 774 720) зейнетақы жинағының сомасын қарастырайық.

Зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алушылар – БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері түріндегі табыстан салықтық шегерімдерге құқығы бар тұлғалар (Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 170-бабы). Демек, ЖТС зейнетақы жинақтарының сомасынан шегеру ескеріле отырып ұсталады. ЖТС салынбайтын жинақ сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төменгі еңбекақының 12 еселенген мөлшеріне тең. 2016 жылы бұл көрсеткіш – 22 859 теңге, демек ЖТС салынбайтын сома – 274 308 теңге (12*22 859). 500 412 теңге (774 720 - 274 308) сомасындағы зейнетақы төлемдеріне ЖТС салынады. ЖТС мөлшері – 50 041,20 теңге (774 720 - 274 308) * 10%). Алушының банк шотына 724 678,80 теңге (774 720 - 50 041,20) мөлшеріндегі сома аударылады.

Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер қолданылатын азаматтар санаты бар. Олар үшін ЖТС салынбайтын зейнетақы төлемдерінің сомасы (Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 156-бабының 13) және 13-2) тармақшасы) республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және тиісті қаржы жылының басында қолданыста болатын ең төменгі еңбекақының 55 еселенген мөлшерінің шегінде белгіленген (55*25 824 = 1 420 320 теңге).

Бұл тұлғалар:

·  Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген тұлғалар;

·  Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар;

·  1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдар;

·  I, II, III топтардағы мүгедектер;

·  мүгедек бала;

·  «мүгедек бала» деген санаттағы адамның ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы - мұндай адам он сегіз жасқа толғанға дейін;

·  «бала кезінен мүгедек» деген себеппен мүгедек деп танылған адамның ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы - мұндай адамның өмір бойына;

·  асырап алған бала он сегіз жасқа толғанға дейін бала асырап алушының біреуі.